Оларға Леяның көңілді де, мейірімді Мира досы келіп қосылды.
– Ал менің жұлдызым бұлттардың арасына тығылып қалса не істеймін? – деп сұрады ол.
– Онда сәт сағатыңды күтесің, – деді Альтаир. – Кейде арман сенің дайын болған кезіңді күтеді.
Үшеуі алаңқайда дөңгелене отырып, жұлдыздарға қарап, үнсіз ойға шомды. Альтаир ең жарық жұлдызға қолымен нұсқап:
– Анау жұлдыз ерекше жарқырап тұр. Біреудің жақын арада жұлдызы жанайын деп тұрған болар. – деді.
Мира көзін жұмып, жайлап тіл қатты:
– Мен өз арманымды көріп тұрмын. Кіп-кішкентай, бірақ жарқырап тұр.
Лея жымиып:
– Онда біз жұлдыздарымызды жарқырату үшін алғашқы қадамымызды жасауымыз керек.
* * *
Қымбатты Дос, саған тапсырма:
1. Көзіңді жұмып, өз жұлдызыңды елестет.
• Қандай жұлдыз екен? Үлкен бе, кішкентай ма?
• Түсі қандай? Күн сияқты алтын түсті ме, әлде ай сәулесі сияқты күміс түсті ме?
• Қай жерде тұр? Аспанның ортасында да ма, әлде шет жағында, бұлттардың ар жағында ма?
2. Өзіңнің арман жұлдызыңның суретін сал. Пішіні қандай? Оны да ойлан. Жарығы әлсіздеу алау ма, әлде кемпірқосақ сияқты жарқырап тұр ма?
3. Тап бүгін сол арманыңа жақындай түсу үшін не істей аласың? Мысалы:
• Достарыңнан немесе ата-анаңмен ақылдас.
• Арманың туралы айтып немесе жазып беруге тырыс.
• Алғашқы қадамыңды жаса: арманың биші болу болса, үйде биле; суретші болу болса, сурет сал.
2 тарау.
Жұлдызыңды жағудан тартынба
«Батылдық – арманға апарар жолдағы
алғашқы қадам.»
Жұлдызды аспанда жаңа бір жұлдыз жанды. Ол кіп-кішкентай, бірақ жарығы ерекше. Лея, Альтаир мен Мира отырған жерлерінде сол жұлдыздан көздерін алмай, қарап қалған.
– Кімнің жұлдызы екен, қалай ойлайсыңдар? – деп сұрады Мира.
– Кім де болса, батылы жетіп, алғашқы қадамын жасады, – деді Альтаир. – Жұлдызың жану үшін тек армандау жеткіліксіз. Өзіңе деген сенім керек.
Лея ойланып кетті.
– Бірақ кейде арман тым алыс көрінеді… Оған жету мүмкін емес сияқты. Сондай қорқыныштан қалай арылуға болады?
Альтаир оны жылы жүзбен демеп:
– Көз – қорқақ, қол —батыр. Бәрі де қорқады. Батылдық деген мүлдем қорықпау деген емес. Қорықса да, алға жүруін тоқтатпау, міне, батылдық деген осы.
Лея шөпке жайғасып, достарына қарады.