Шежірем сыр шертсе - страница 2

Шрифт
Интервал


сүйенгеніміз анық. Бірнеше ондаған беттерге созылған ұзын-сонар ұрпақтар тізбегін өрбітерде адам аттарынан байқаусызда дәлсіздіктер мен қателіктер жіберіп алған болсақ, әрине, ол кісілерден, олардың ұрпақтарынан кешірім өтінеміз. Сонымен қатар кітабымыздың ішкі бетіне Қазақстан халық суретшісі, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Е.Сидоркин салған ұлы дала төсінде желмен жарыса жүйтки шапқан қазақ батырларының бейнесін бердік.

Ал екінші тарау біріміздің алтыншы, екіншілеріміздің жетінші, ал үшіншілеріміздің сегізінші атамыз болып келетін Жаңай батыр туралы баяндайтын ел аузынан жиналған хикаялармен ашылып, өзіміз сызған ата– бабалар кестесі мен олардан ұрпақ тарқатар мәтіндермен жалғасады. Сөйтіп күні кеше өмір кешкен, бірі әлі арамызда тірі жүрген әулеттің әлеуетті адамдары туралы жазылған өмірбаяндық материалдармен ұштасады.

Сонымен әңгімеміздің 1 тараудағы кіріспе бөлімінде оқырман қауымға алдымен шежіре жөнінде жалпы мағлұмат беріп, осы түсініктің тарихына аздылы-кемділі болсын тоқталып кеттік. Тарихымызда мазмұндылығымен елеулі із қалдырған ірі-ірі деген шежірелер мен олардың авторларын атап өттік. Шежіренің жеті атадан басталатындығы баршаға аян. Сондықтан осы аттас келесі бөлімде бірқатар зерттеушілеріміздің осы мәселе жөнінде түйген ой-пікірлерін ортаға салдық. Өйткені біраз жұрт осы жеті атаны қалай, кімнен бастап санап, тарқату, оларды қалай атау керектігін әлі күнге дейін жетік білмей, шатастырумен жүр. Соларға бір септігі тисін деп ойладық.

Қай ел, қай халықтың тарихы жайлы сөз қозғамайық, оның алтын қазық арқауы, аттап өтуге, айтпай кетуге болмайтын тақырыбы қашанда оның ныспы, атауы емес пе. Атаусыз халық та, жер де, су да, ну да жоқ. Сондықтан шежіремізді ә дегенде осы үлкен мәселеден қарға тамыр қазағымның «қазақ» деген атауы мен оның шығу тарихынан бастағанды жөн көрдік.

Қазақ этнонимінің шығу тарихына "Қазақтар кімдер, қайдан шыққан?" деген 2 бөлімде тоқталдық. Шындығын айту керек, бұл бүгіндері үлкеніміздің де кішіміздің де, кәріміздің де жасымыздың да басындағы жағдай. Анасының құрсағынан ән мен күй, сөз қадірін ұғып туатын от ауыз, орақ тілді, бесіктен белі босамай жатып, жеті атасы мен ру, жүзіне дейін сүрінбей, судыратып тұратын қазағым, «ал қазақ кім, ол қайдан шыққан?» деп сауал қоя қалсаң кібіртіктеп, тосылып, жауап бере алмай қалатыны бар.