Өзге ұлт өкілдерінің біразы, мәселен, мұхиттың арғы жағын мекен еткен мексикалықтар біздің эрамызға дейінгі көне ацтек өркениетінен өрбитіндіктерін, ал тұрақтары бергі еуропалық материкте жатқан испандықтар мен португалдықтар, француздар мен швейцарлықтар біздің эрамызға дейінгі 2–1 мыңжылдықтар арасында қалыптасқан әйгілі алпілік кельт нәсілінен бастау алып тарайтындықтарын, ал германдықтар 4 ғасырдағы жауынгер гот тайпаларының ұрпақтары екендіктерін тарих бетіне тасқа таңба басқандай етіп, әлдеқашан жазып, қалдырып кеткені аян.
Алысқа бармай-ақ қояйық, қасымыздағы «төсекте басы, төскейде малы қосылған» орыс көршіміз, мәселен, өздерін 6–10 ғасырларда жасаған, древлян, поляндар болып екіге бөлінетін көне ильмендік словен тайпаларының алғашқы бұтағынан тарқайтындығын айтып келеді. Ал қазақтар ше? Қазақтар да бір түнде туып, бір күнде «қазақ» аталмаған шығар. Қазақтар да өзгелер сияқты мыңжылдық тарихы бар ел екендігі күмәнсіз. Шығу тегімізді зерттейтін этногенез ғылымы да осы пікірді ұстанады. Сондықтан жеті атасын сараптай білетін қазағым үшін қазақ атауының қайдан шыққандығын да білу керек ғой деп, шаң басқан сөрелерден қазақтар кімдер, қайдан шыққан деген сауалдарға жауап іздеп, көне жазулардан оқып-білгендерімізді шама-шарқымызша саралап, ортаға салдық.
Сонымен қатар Елбасымыздың 2012 жылдың желтоқсанында, сондай-ақ Қазақстан халқына жасаған кейінгі жолдау сөздерінде еліміз даму бағдарламасы бойынша ендігі 2025 жылға дейінгі аралықта алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің тізімінде 50-ші орыннан 30-шы орынға дейін көтерілуі тиіс деп айтып кеткен, осыған орай «Қазақ елі» деп аталу мәселесін де көтерген сөздері бар. Егер бұйыртып «Қазақ елі» дел аталар болсақ, онда өркениетті еліміздің де, оны құрайтын титулды ұлт түлегі ретінде өзіміздің де неге «қазақ» аталғандығымыздың қыр-сырын білуіміз әбден-ақ керек шығар деп ойлаймыз.
Бұл орайда ғылыми құжаттармен қатар халқымыздың бай ауыз әдебиеті мен фольклорынан алынған үлгі үзінділеріне де сүйендік. Сөйтіп қазақ атауы тарихымызда Ұлы қоныс аудару заманынан кейін кеңірек белгілі бола бастағанын анықтадық. Бабаларымыз Алтай баурайынан ауа көшкен кездерінде-ақ ауыздарында қазақия атауы болған. Бұл деректер Қазақияның әлем аренасына шығу тарихын әрі қарай 5–6 ғасырларға қарай жылжыта түсті. Ал сол деректерден бағзы