мемлекетін құруға қатысқан көне алшын тайпалары атауларынан бүгінгі қазағымның құрамындағы өзімізге белгілі
кіші жүздің белді руларының атын көріп отырмыз. Мұны қаймақсыз қара сөздермен емес, сүйекті, дәйекті дәлелдермен беруге тырыстық. Ғасырлар тереңіне қарай жылжуымызға орай
Қазақия хақындағы мәліметтерімізді оқушы қауымға хронологиялық тәртіп бойынша жүйелеп бердік.
Тура биде туған жоқ демекші, қазағымның атауы мен тарихын ақ қаз бен қашақ ұғымдарына теңеп, көпе-көрнеу қате пікір айтқандар мен ұстанғандарды шындық үшін бетің бар, жүзің бар, атың бар, затың бар демей жаңсақ тұжырымдарын ащы да болса бетке басып, дәлелдеп айтуға тура келді. Осы ретте аты алты алашқа мәшһүр этнограф-ғалым Семёнов-Тяньшанскийдің (А.А.Семенов): «Бір жолғы көштен (actus) бір халық, оның ат-атауын тудыруға болмайды»,– деген аталы пікіріне қосыла отырып, бұл жайында толық болмаса да білгенімізше біраз дәйекті дәлелдер мен мәліметтер келтірдік.
Бұл қазақтың қалай қазақ болғандығын бір әулеттің шежіресімен айтып та, жазып та тауыса алмайтындығымыз екібастан түсінікті. Бұл бір емес, бірнеше ғылыми институттар мен зерттеу орындары, басалқалы үлкен ғалымдар бас қосқан мемлекеттік комиссия жұмысы деңгейінде шешілуі тиіс шара екендігі анық. Сондықтан ниетіміз тиісті орындарға тек ой салып, пікір тастау ғана болып отыр. Ал Қазақ хандығы жөнінде жазу себебіміз тарихымыздың 400 жылдық тай қазанында халқымызды ұлт қылып ұйытып, шымырдай шынықтырып, тау көтерген Толағайдай тәрбиелеп шығарған түрлі тарихи-әлеуметтік жайттар мен тар жол, тайғақ кештірген қилы-қилы оқиғалар, солардың басы-қасында болған тарихи тұлғалар жайлы жас ұрпақ шежіремізден қысқаша болса да мәлімет алуы керек ғой деп ойладық.
Қазақ хандығының құрылуы мен оның негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандарға қатысты фактілерді көпшілік білетін жалаң деректер негізінде емес, белгілі ғалымдардың жан-жақты айтылған пікірлеріне сүйене отырып жаздық. Сөйтіп оның тарихи алғы шарттары мен әлеуметтік қыр-сырларын, ішкі психологиялық жай-жапсарларын ашып көрсетуге тырыстық. Мұны 3 бөлімде бердік. Жүз мәселесі мен оның құрамдары, қалыптасу барысы жайлы, ондағы ру-тайпалар таңбалары хақында жазғанда да осы қағиданы ұстандық. Сөйтіп жас ұрпаққа тарихтың келелі тұстары мен айтулы оқиғаларын ықшам болса да жүйелі түрде тездетіп, төтелетіп қабылдауына мүмкіндік жасадық. Бұл турасында