Сөнбес сезім - страница 5

Шрифт
Интервал


– Ой апа, бізден бұрын санап қойдыңыз ғой. Біз санау білмейміз. Мына калькуляторға үйреніп алған да жаман екен, – деп, аса сүйіспеншілікпен үлкен кісіге қарайтын.

Енді мінеки, сол апамыз шақыратын қонақтарының тізімін жаза бастады. Ең алдымен туған-туыстарын, содан кейін жолдас-жораларын және көрші-көлеңдерін тізіп жазып қойды. Бәрін санағанда алпысқа жуық адам болды. «Балаларыма көрсетейін, не дер екен. Үлкен мейрамхана не керек. Күн жаз, жер кең. Үйде ұзын, ұзын столдар, ұзын-ұзын орындықтар бар, жетпегенін көршілерден алармыз. Қазан-ошаққа көмектесетіндер жетіп артылады. Құдайға тәубе, қазір дүкенде бәрі бар, ақшаң болса болды.» – деп, апайымыз далаға шықты. Күн еңкейіп қалыпты.

– Талғат, қайдасың? Бақшаны суаруды ұмытпа!

– Ия, әже, ұмытқаным жоқ, қазір арықтағы суды біздің бақшаға қарай бұрамын – деп, немересі жүгіріп кетті.

– Кішкене ғана қарғам-ау, осы бала болмаса не істеймін мен. Ертең үлкен ұлдың да ұл-қызы келеді, олар да жазғы демалыстарына шықты. Біреуі колледжде екіншісі универститетте оқиды. Жандарым адам болсын, адал болсын, қайда жүрсе де аман болсын, – деп, апамыз күбір-күбір сөйлеп қояды.

Бір күн өтіп екінші күні таңғы астарын ішіп отырғанда Нүрилә апайдың үйіне Жамал апай мен Медет ақсақал кіріп келді.

– Ассалаумағалейкум! Астарыңыз дәмді болсын! Xалдарыңыз қалай? – деді, жайдары мінезді Медет замандасы.

– Амансыңдар ма, жақсы келдіңдер ғой?! Келіңдер, дастарханға жайғасыңдар. Талғатжан, ана жерден кесе, қасық әперіп жібер – деп, Нүрилә апайымыз да бәйек болып жатыр.

– Жоқ, әуре болмаңыз, дастарханнан жаңа тұрдық.

– О не дегендерің, таңғы асты тастауға болмайды деген сөз бар. Отырыңдар. Шай ала отырып әңгімелеріңді айта отырыңдар. Кішкене немереңе кім қарап қалды? – деп апай да қамқорлық танытып жатыр.

– Бүгін сенбі ғой, үйде келін бар. Ана жолы мерей тойыңыз туралы айтып едіңіз, не шештіңіз? – деп, Жамал көршісі сөз қозғады.

– Бүгін Алматыдағы ұл мен келін келеді бұйырса. Өзіме келетін болсақ үйде, осы аулада өткізгеніміз дұрыс болар деп ойлаймын, Медет, қалай ойлайсың? – деп апай көршісіне қарады. Өз басы осы көршісін аса сыйлайтын.

– Алдымен қанша кісі болады, соны айт, қырық-елу адам болса осы жердің өзі дұрыс шығар. Тізіміңді жазып қойдың ба? – деп, Медет көршісі мұртын сыйпады. Бұл кісі алпыстың алтауына келсе де әлі күш-қуаты бойында, аса жігерлі адам. Орта бойлы, денесі мығым, дембелше келген. Жүзі қара-торы, әдемі мұрт қойған. Көз қарасынан мейірімді, жұмсақ мінезді, салмақты адамды байқауға болады. Ол кісінің жұбайы Жамал бойын тік ұстайтын, жұқалаң, жүріс-тұрысы пысықтау келген әйел. Алпысқа таяп қалса да, «жасым да келіп қалыпты-ау» деген ойдан аулақ. Медет ақсақал біраз ойланып: