Көркейтемін өрісін.
Қажеттігің сезілсе,
Аралаудан шаршар кім?
Ал, балақай, өзің ше,
Айтшы не деп ән салдың?
– Неткен ғажап, тау елі,
Аймағың! – деп ән салдым.
Бәрінен де әдемі
Жайлауың! – деп ән салдым.
Ата-әжемсіз әдемі
Болар ме ең? – деп ән салдым.
Ата-әжемсіз
Бұл жерге
Жолар ма ем? – деп ән салдым.
– Жақсы бала – жарқыным,
Сендер үшін нұрланам.
Бар екен, – деп – ақылың,
Ырза болды Күн маған.
Қос қария қорғасындай балқып, ыдыс ернеуіндегі сұйықтай тынып қалыпты. Гүлмінез де өз даусының жаңғырығын тыңдағандай ұмсына түсіп, селт етпейді.
Бірінші болып әжесіне тіл бітті:
– О, ақынжанды жүрегіңнен айналайын, сенің!.. – деп келді де. – Тфә-тфә! Тіл-аузым —тасқа, – деп бітірді.
Сұңғыла атасы да қарап қалған жоқ.
– Ойы – нәр, тілі – бал немерем ғой менің. Талабың таудай бол-сын! Кәне, ақ маңдайыңнан иіскейінші, – деп орнынан тұрып жатты…
Бірде екі жарым жасар Гүлмінезді анасы балабақшадан алып келе жатқан. Көше бойында бір кішкентай қанден ит оларға шәуілдеп үріп қоя берді. Күшіктің иесі орыс кемпір:
– Кейін қайт, тыныштал! – деп, жекіп қалып еді, Гүлмінез:
– Мама, ана қарашы, күшікті мамасы ұрысып жатыр, – деді қанден итті аяғандай болып.
Көше қиылысындағы асфальттың ойыс жерінде шалшық су жиылып қалған екен. Троллейбус соны кешіп өте беріп еді, дөңге-лектің екпінінен шалшық су жол ернеуіне шашырап кетті.
– Мама, ана машина суды шашып, жолды жуып жатыр, – деді өзінше түсіндіріп.
Шешелері үй-ішінің әптер-тәптерін шығарған қыздарына кейіп:
– Әй, қой дегенде неге қоймайсыңдар! Өлтіресіңдер ғой адам-ды! – деген.
Сонда Гүлмінез:
– Өлме. Өлсең, бізден көресің, – дегені.
Шешелері:
– Вафли, вафли деп қоймап едіңдер. Енді қарамай қойдыңдар ғой, – деген. Сонда Гүлмінез:
– Қазір, мен қарап қоям, – деді.
Гүлмінез асханадағы тоқ шәйнектің бұрқылдап жатқанын көріп, анасына жүгіріп келді:
– Мама, мама, шай пісіп, шәйнек жөтеліп жатыр, – деді.
Гүлмінез жерге сүрініп құлаған еді, анасы:
– Абайла! – деді үрейленіп. Сонда Гүлмінез:
– Мен құлап болдым ғой. Абайла, – демей-ақ қойсайшы, – деді орнынан тұрып.
Шолпан, Ұлжан әпкелері Гүлмінезге:
– Қолыңды кім бояп берген? – деп еді, Гүлмінез:
– Айгүл ғой, ертең бояп берген, – деді.
Жаңа жыл қарсаңында Гүлмінез:
Аяз ата келді,