– Би, олар мына өлең-жырымен бабамызды аза тұтқан екен:
Жат жерді кезген Анарыс скифтерге оралды,
Туғандарын эллинше оқытуды қолға алды.
Алайда данышпанның тіл, ақылы кесір боп,
Қауырсынды сұр жебе арқасына қадалды…
Екеуі осы өлеңнің мән-мағынасын терең ұққысы келгендей біраз үнсіз жатты. Аздан соң Би:
– Со-ла-ай, – деді Нарды қоштап. – Эллиндер бабамызды әлемдегі жеті данышпанның қатарына қосып, оның айтқан қанатты сөздерін «Скиф осылай дейтін» деп ауыздарынан тастамай айтып жүргені де сол құрметтері емес пе.
– Би, сен сол жеті ғұламаны атап шыға аласың ба?
– Есімде қалса, қазір көрейін, – деді ол көзін жұмып. Ішінен қайталап, еске түсірді де, – көне замандық тарихтың атасы Геродот пен Страбон, Секст Эмпириктер өз еңбектерінде Анарыс бабамызды «Әлемдегі жеті ғұламаның» біріне жатқызыпты. Олар бабамызды Фалес, Солон, Периандр, Клеобул, Хилон, Биант, Питтактармен қатар атайды, – деді мақтанышпен.
– Анарыс бабамыздан қалған мына сөздер бүгінгі заманымызға да келеді емес пе: «Ең ақылды адам – ел билеуден аулақ болған адам», «Татымсыз мың досың болғанша, татымды бір досыңның болғаны артық», «Базар – бір-біріңді алдауға, тонауға әдейі жасалған орын», «Бір ғажабы, Элладада жарысқа өнерпаздар түседі де, оларға өнері жоқтар баға береді», «Элладада мені ақыл-парасат қорғап еді, өз елімде қызғаныш құрбаны болдым…»
– Иә – ә, – деп күрсінді Би. – Бабамыздың қызғаныш құрбаны болғаны қандай қиянат!
Дәл осы кезде олардың жанына танауы делдиіп Ер келді. Ол қолындағы сөмкесін орындыққа қойды да, жейдесінің етегін ышқы-рынан шығарып, желпінді:
– Ой, мына күннің ыстығын-ай, терлеп, пысынап кеттім ғой. Ана «Сарыағашты» берші, аңқам да кеуіп кетті.
– Іздегеніңді таптың ба? – деді Нар «Сарыағаш» минералды суын Ердің қолына ұстатып жатып.
– Біз таппай қоямыз ба. Біздің үйдің үстіңгі жағында екі орамнан кейінгі көшеде тұратын Мұрат бар емес пе. Соның әкесі инкассатор ғой. Әкесінің ескі броножилеті бар екен, соны алып келдім, міне, – деп, сөмкені ашып көрсетті.
– Ой, бәрекелді! – деді Би қуанғаннан.
Үшеуі әдеттегідей жұдырықтарын түйістіріп, бір-біріне қарап жымыңдасты.
– Енді сәтін салса, ертең таңертең сапарымызға аттанайық, – деді Нар алақанын ысқылап.
– Иә, сәтін салсын.
***
Ертеңіне күн ұясынан шыға ағайындылар сауыт-саймандарын киіп, жол қапшықтарын арқаларына асынып, «Ерлік алаңына» келді.