ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ - страница 21

Шрифт
Интервал


– Біз сонда ертедегі Қара теңіздің солтүстік батысындағы Днестр өзенінің сағасынан шығуымыз керек қой? – деді Нар бауырларына қарап.

– Геродоттың жазуынша, Анарыс бабамыз өмірінің соңғы кездерінде жан-жағы ну орманды, тау-тасты Гиллея шатқалында тұрыпты ғой.

– Кәне, картаны берші, – деді Би Нарға қарап.

Нар қойын қалтасынан картаны алып, керекті бетін ашып, жазып көрсетті. Би картаға үңіліп қарады да:

– Днестрдің сағасы шамамен отызыншы бойлық пен қырық алтыншы ендіктің қиылысқан тұсында екен. Ендеше «Кеңістік сағаттарыңды» 30-ыншы бойлық пен 46-ыншы ендікке туырлай-сыңдар. Ал, уақыт көрсеткішін біздің дәуірімізге дейінгі 555 жылға белгілеңдер.

– Белгіледік, – деді бауырлары бір шамадан кейін қабаттаса.

Үшеуі келісіп алғандай оң қолдарын кеуделеріне қойып, әдеттегі ұрандарын екпінмен айтады:

Біз – Тұранның ұлдарымыз,

Ерлік – басты ұранымыз!

Жорыққа сай, дайынбыз,

Текті елдің қыранымыз! —

деп, қолдарындағы сағаттарын «сырт» еткізеді.


***

Біздің заманымызға дейінгі 555 жыл. Ағайынды үшеуі аласа бұталар сирек өскен төбесі таз биік жотаның жонынан шыға келді.

– Ой, қандай тамаша! – деді Би жан-жағына барлай қарап. – Айнала атырап алақандағыдай көрінеді. Құдды жаңа жаралып жатқан тіршілік енді оянып, өзің сол жердің кіндігінде тұрған-дайсың.

– Па, шіркін! – деді Нар екі қолын мықынына тіреп, көкжиекке паңдана қарап. – Төңіректің барлығы менің табанымның астында. Мен соның қожасындаймын.

– Әй, мынау төмендегі шалқып жатқан Қара теңіз ғой!

– Ал анау тарам-тарам болып Қара теңізге сұғынып жатқан көк белдеу Днестр емес пе.

– Айналасының бәрі сонау шексіздікке дейін созылып жатқан жынысты орман.

– Ал, қожайындар, енді не істейміз? Қайда бет аламыз? – деді Ер төменгі баурайға дүрбімен көз салып тұрып.

– Кәне, берші, – деді Би Ердің қолындағы дүрбіні алып. – Сонау тау жартастарының етегіндегі ашық алаңды көрдіңдер ме? Геродоттың «Ахиллес ат ойнатқан алаң» дейтіні сол жер емес пе?

– Иә, ар жағы Днестр сағасы, жан-жағы жынысты орман.

Қолындағы сағат сияқты тағып алған тұсбағдарға қарады да:

– Мен сол бағытты белгілеп алдым. Ендеше, бауырлар, тарттық алға!


***

Олар адам аяғы баспаған қалың шілікті тоғайдың арасымен шөп-бұталарды жапыра, тікен, бүргендерді өткір пышақтарымен кескілеп, тыңнан жол салып келеді. Әредік-әредік алдарынан құр, шіл сияқты құстардың «пыр-пыр» етіп ұша жөнелгені, қоян, қарсақ сынды түз аңдарының үрке қаша жөнелгені болмаса, ет қайнатымдай жүргенде, тірі жанды, не болмаса ел-жұрттан хабар берер жол, сүрлеуді кездестірмеді.