ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ - страница 23

Шрифт
Интервал


үзілмеген тектен тараған. Анарыс хан иемнің өзі де таққа отыратындай мүмкіндігі бар еді. Бірақ таңдаған жолы басқа болды. Ол Қоңыр – Дәукет ханның грек әйелінен туған. Сол себепті шешесінің, бірге еріп келген арнаулы қызметшілердің тәрбиесін көп көрді. Жасынан эллин тілін де үйреніп, сауатын ашты. Оқу-білімге ұмтылып, нағашы жұрты – Эллада елін көріп-білуге ынтығып өсті. Сонымен бірге тұтық, билердің шешендік келесіне түсіп, сөз өнерін меңгерді. Өзі де билік айтып, шешендікке құмартқан. Әскери жорық өнерін де бір кісідей игеріп, талай жорықтарға қатысып, ноян-қолбасшы болды. Әкесімен бірге дау-шар, ел ішілік жиындарына араласып, билік мектебінен де өткен еді. Міне, енді таққа отырады, ел билейді деп жүргенімізде, тосын, күтпеген мінез көрсетіп, өзге жолды таңдады. Таққа бауыры Сабылды отырғызды да, өзі ұзақ жолға, сапарға жиналды. Үлкен сақ тегеленіне4 киім-кешек, көрпе-төсегін, азық-түлігін артып, мені атқосшы етіп алып, түстікті нұсқап, «ал кеттік» деді.

Біз арбамен ұзақ жүрген жоқпыз, бір портты қалаға келгеннен кейін үлкен кемеге ауысып міндік. Қаншама теңіз-сулардан, таңсық елді-мекендерден өттік. Ақырында аңсап барған Элладаның Афины қаласына да жеттік. Осы жол-сапарымыздың өзі айта берсең, өз алдына ұзақ жыр-хикая. Мен одан да Афиныдағы қызықтарды айтайын. Сонымен қалаға келсек, халық ығы-жығы. Айнала жыпырлаған үйлер, қисық-қыңыр тасты көшелер. Біз ат-арбамызды керуен сарайға қойып, жаяу-жалпылап қала араладық. Бәрі біздің үстіміздегі киімімізді, түр-сипатымызды оғаш көріп, ошарыла қарайды. Түртіп, сипап көруге тырысады. Олардың жеңіл-желпі, салпылдаған кең етек киімдері, тас үйлері мен базарлары бізге де таңсық. Ауасы ыстық, қапырық екен, үсті-басымыз пысынап кетті. Оның үстіне тұйық көшелеріне талай тіреліп, адасып, қатты абыржыдық.

Үйлері мен адамдары жыпырлаған қаласынан көңіліміз қалып, елімізге қайтып кетпекші болғанбыз. Осындай жағдаймен салымыз суға кетіп, құмырашылар көшесімен келе жатқанымызда:

– Әй, бауырлар, сабыр етіңдерші, – деген өзіміздің түркіше ыстық сөзді естіп, артымызға жалт бұрылдық.

Эллинше киінген, сақалын қырынған, белінде ақинақ семсері5 жоқ демесең, түр-келбеті сақ жұртына тән адам қуып жетті. Біз таң қалып, аңырып тұрғанымызда, ол:

– Жаңылмасам, сен Дәукет ұлы Анарыс боларсың? – деді тосыннан.