Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 18

Шрифт
Интервал


– Айсеке, қазақтың бір-бірімен араздасып жүргені осы жылқы ұрлығынан. Содан шатақ шығып жатады. Одан барып ел арасындағы араздық күшейеді. Жалпы, жастарды Каракесектерден де, Тамалардан болсын жылқы ұрлаудан тиғызыңдар.

– Бұны шығарып отырған Елгелділер емес, баяғыдан дәстүрге еніп кеткен әдет. Оларда аянып жүрген жоқ. Сан жылқымызды ұрлап әкеткен. Біздікі есе қайтару болып табылады. Елгелді қойғанымен басқалар тоқтамайды.

Шоң Айсарының мына сөзін ұнатпай қалды. Бірақ үндеген жоқ. Ертеңіне Айсарыға айтқан болатын.

– Айсеке, әр атадан бір-бір адам алып біздің ауылға жүріңдер.

Айсары Шоңның мына сөзіне түсінбей қалды.

– Сенің аулыңнан не аламыз?

– Мен бабам Жанкелдіге құран оқытпақшы едім. Соның ішінде болыңыздар.

Айсары Шоңның бұл айтқанына қарсы келе алмады. Әкесі Таубайдың өмір бойы Жанкелдімен сыйласып кеткенін жақсы білетін. Ақыры Елгелдіден тараған төрт ата – Сегізбай, Төлекбай, Ізбасы, Бөлекбайдан бір топ адам атқа мінген еді. Шоңның бабам Жанкелдіге құран оқытамын дегені сылтау еді, ойы екі ру арасында көптен бері болып жүрген сөзді қойғызу болатын. Бас-аяғы жиырмаға жуық адамды алып келген. Бұлардың арасында жастары да, кәрілері де бар болатын.

Телқозы қаптап келген Елгелділерді көргенде әуеліде түкке түсінбей, қорқып та қалды. Өйткені, бұлардың: «Телқозы бізді ұры дейтін көрінеді, соны дәлелдесін!» – деп айтып жүргенін естіген біреулерден. Бір жанжалдың болатынын іші сезіп тұрғандай еді. Және мына даукес Елгелділермен сөз қозғауға ықыласы да жоқ еді. Бұлар, қанында бар ма, сөзге мықты болатын.

Телқозы Шоңнан сұрады:

– Мына қаптаған Елгелділер қайдан жүр?

– Бұл кісілер әкеміз Жанкелдіге құран оқуға келді.

Телқозы бұл Елгелілер қалай құран оқығыш болып кетті деп ойлады. Баласымен келіп отырған соң сөзді көбейтпей, үндемей қалды. Сәлден соң сыртқа шығып, бір жылқы союға нұсқау беріп, ішке қайта кірді. Елгелділерді жек көргенімен, бірақ баяғы Таубайдың Шоңға берген бір жүйрік тайына риза еді. Одан кейін мініп жүрген атын Шоңға беріп кеткеніне әлі де көңілінде ризалық бар болатын. Сол Телқозының ашуын тоқтатқандай еді. Телқозының іші ұнатпай тұрса да, баласының жаңағы сөзінен кейін бір жылқы сойылып тасталған. Дастархан басында бабасы Жанкелдіге, одан кейін қайтыс болған Зейнет, Жәметке арналып құран оқылды. Бұл бас қосуға Телқозы әдейі шақырған, қазір тірі жүрген үлкен әкесі Әнет риза болып қалды.