Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 19

Шрифт
Интервал


– Бұл Елгелділер Сатыбалды әкеміздің үлкені ғой. Бүгін сол үлкендігін жасап отыр, – деп бастап, туысқандарын мақтап бірталай жерге барды Әнет. Оған жауап етіп Айсары сөйледі:

– «Жақсының артынан жақсы туады» деген сөз рас екен, енді мына бауырымыз Шоң болыс болып отыр. Сол ұзағынан жарылқасын. «Көніл кірі айтса кетеді» дегендей, осы арада айтпаса болмайды. Мына Телқозы туысқанымыз бізді ұры дейді. Міне, қасиетті дастарханыңнан дәм татып отырмын. Сіздерден бір мал ұрласақ, не деп қарған дейсіндер…

– Айке, сіз ұрлаған жоқсыз, оны білемін, басқа Елгелділер бар емес пе? – деп Телқозы мына жақтан қосылып кетті. Айсары да жауабын тауып кетті:

– Ал осы отырғанның бәрі Елгелді, бәрімізге де тиеді. Телқозы, ондай сөзді айтпа енді, бұдан былай. Айтсаң сол адамның атын атап айт. Әйтпесе, бір руды түгел ұры дегенің ұят болады.

Айсарынын мына сөзінде жөн бар екенін сезіп, Шоң әкесіне қатты ренжіп қалды да:

– Телқозы, сен қалай сөзге түсінбейсің?! Айекең бүкіл Елгелділер атынан айтып отыр ғой. Онда сол ұрыны ұстап алсаң айыпта, әйтпесе ұят болады. Бүкіл Елгелді ұры деуің ешқандай кисынға жатпайды.

– Телқозы, сен енді сөзді көбейтпе, ұрласа да бір үйір жылқының дауы бітетін болды, – деді Әнет.

Телқозы әкесің мына сөзін онша ұнатпай тұрса да, қарсы сөз айтқан жоқ, үндемей қалды. Үлкен әкесінің сөзін Шоң жалғаған. Екі туысқан рулардың арасындағы бұрын қатынасып тұратын жолына шөп өсіп кеткендей көрінді Шоңға.

– Сол болмасың десеңіздер, жиі қатынасып тұрғаның жөн. Маған ояз бір поштабай ал деген. Сол адамды сіздің ауылдан алайын. Кімді атайсыздар?

– Шоң бауырым, сен поштабай бол десең, мен де қашпаймын, – деді Айсары ақсақал.

Ол кезде поштабай деген қазақтар арасында орыстардың келуіне байланысты аса беделді жұмыс болатын. Мына сөзді Айсары әдейі жақын ағайындарының біреуін өткізу үшін айтып отырғанын Шоң біле қалды да:

– Айсеке, сіз келіссеңіз, Елгелділердің ішінен кім поштабай болатын өзім тандап алайын, – деді.

Айсарының бұған қарсы айтар сөзі таусылып қалғандай.

– Әрине, әрине дұрыс, – деді.

Шоң көзімен отырғандарды бір шолып өтті де есікке таман отырған ақсары, он жетіге келіп қалған, қыр мұрынды, орта бойлы жігітке көзін тоқтатты.

– Мына жігіт қай атаның баласы? – деп Айсарыдан сұрады.

– Бұл жігіт Төлекбай батыр атамыздың шөбересі Жойқынбек деген азамат болады.