Бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу мәнерін дамытуда инновациялық технологиялардың алатын орны
(М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Тараз қ.)
Бүгінгі еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар, өзгерістер мен жаңалықтар мұғалімнің жаңа идеялармен жұмыс жасауына мол ықпалын тигізуде. Әрбір ізденіс жолындағы мұғалім кәсіби шеберлігін шыңдай отырып, өзіне «Не үшін оқытамыз?», «Нені оқытамыз?» және «Қалай оқытамыз?» деген сұрақты қойып, жеке тұлғаның ана тілді меңгеруіне жаңа идеяларды туындатып, әр сабақта оларды жан-жақты қолданумен қатар жаңаша оқытудың тиімді жолдарын іздесе, заман талабына жауап бергенінің нышаны.
Қазіргі заман талабында жаңартылған білім беру мазмұнының басты ерекшелігінің бірі – бастауыш сынып оқушыларының өз ана тілінде нақышына келтіріп сөйлетудегі инновациялық технологиялардың орнын дәріптеу болып табылады. Оқушылардың сауатты жазып қана қоймай, өз ойын айқын жеткізе алатын тұлға етіп тәрбиелеудің негізі – бастауыш сыныптан басталатындығы белгілі. Сондықтан, ұлттық тіл мен ұлттық сананың қалыптасуы – ата-бабамыздың салып кеткен дара да сара жолы екенін мұғалім сол сатыда ұғындыра білуі қажет.
Бастауыш сынып оқушыларының мұғалімдері мектепке келген күнінен бастап, олардың тілін дамытып, түрлі тақырыпта сөйлеуіне жағдай жасайтыны белгілі. Жоспарланған жұмыс бойынша мұғалім түрлі тілдік проблемалар туғызып, сөйлеуге белсенділігін арттырады. Бірақ қалай?
Бастауыш сынып мұғалімі сөйлеудегі белсенділік пен мәнерді тепе-теңдікте қалыптастыру үшін оқу жүйесін дұрыс түсініп, өз жұмыс жоспарын толықтырады. Демек, оқу бағдарламасынан тыс қосымша тапсырмалар беріп, баланың ынтасын оятып, әрбір оқушының сөйлеу деңгейін, ойлау қабілетін, шығармашылығын зерттейді. Ана тілі сабақтарында әңгімелеуге тән тапсырмаларды орындатып, мұдірмей сөйлеуге дағдыландырады.
Бастауыш сыныпта білімалушылардың тілін дамыту барысында, ең әуелі сөздік қорының көп болуын және оны тиімді қолдана білуін басқарған жөн. Осы мақсатта жүйелі еңбек еткен мұғалімнің методикасында ауызекі сөйлеу тіліне сай алғашқы күннен бастап-ақ, сюжетті суреттер бойынша сұрақтарға жауап беру арқылы әңгімелеу, өзінің жанұясы жайлы әңгіме құрастыру, өзі жайлы мақтанышпен айту секілді жұмыс түрлері болғаны абзал. Бұл баланың эмоциясын көрсетумен бірге өз ойын анық жеткізуге, сөздерді орынды қолданып, оны дұрыс айтуға, сөздік қорын байытуға бағыттайды.